
Өңір мектептерінде 2025-2026 оқу жылын 189 436 оқушы аяқтайды. Олардың ішінде 19 547 оқушы бастауыш сыныппен қоштасса, 15 713 жасөспірім негізгі мектепті тәмамдайды. Ал үлкен өмірге қадам басқалы тұрған 11-сынып түлектерінің саны 11 099-ға жетіп отыр. Өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 10 481 болған еді. Бұл мыңдаған жас түлектің алдағы уақытта мамандық таңдап, өмірлік бағытын айқындайтын жауапты кезеңге аяқ басқанын білдіреді.
Биыл да білім мен еңбектің нәтижесін көрсеткен үздік оқушылар қатары аз емес. 9-сынып бойынша 1 596 оқушы үздік аттестатқа үміткер болса, 11-сыныпты тәмамдайтын 707 түлек үздік аттестат алуға үмітті. Сонымен қатар 829 оқушы «Алтын белгі» иегері атануға ниет білдіріп отыр. Бұл көрсеткіштердің өткен жылмен салыстырғанда өсуі оқушылардың білім сапасына деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
🔔Мектептерде оқу жылы дәстүрлі түрде 25 мамыр күні аяқталады. Биылғы соңғы сынып сағаты «Білімім – Отаныма!» тақырыбында өтеді. Сынып сағаттарының мазмұны «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына негізделмек.
