15 жылдан кейін: Шалқарда Ақтөбеге әуе рейстерін қайта жандандыру үшін аэродромды қалпына келтіру жұмыстары басталды

Ақтөбе облысында жергілікті әуе желілері бойынша тұрақты жолаушылар тасымалы 2011 жылдан бері жүзеге асырылмай келеді. Қазіргі уақытта өңірде шағын авиацияны дамытуға қажетті инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынуда.

Конкурстық рәсімдердің қорытындысы бойынша аэродромды реконструкциялау жұмыстарын жүргізетін мердігер ретінде «SK Best Spec Stroy KZ» ЖШС анықталды. Жобалау жұмыстарының алдын ала ұзақтығы бес айды, ал құрылыс-монтаж жұмыстары алты айды құрайды. Бұл мерзімдер мемлекеттік сараптамадан өту уақытын қамтымайды.

Аэродром Шалқар қаласынан шамамен жеті шақырым қашықтықта орналасқан. Жоба аясында ұзындығы 1 200 метр болатын асфальтбетон жабыны бар қолданыстағы ұшу-қону жолағын күшейту, перрон мен рульдеу жолын реконструкциялау, қоршау орнату, модульдік жолаушылар павильонын салу және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген.

Реконструкциядан кейін аэродром сыйымдылығы 19 жолаушыға дейінгі L-410 ұшақтарын қабылдауға дайындалады. Ұшуларды күндізгі уақытта орындау жоспарланып отыр. Жолаушылар тасымалын «Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай» АҚ базасында ұйымдастыру көзделген.

Әуе қатынасын қамтамасыз ету үшін ұшақтарды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржылық лизинг шарттарымен сатып алу жоспарланып отыр.

Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аэродром сертификаттаудан өтуі тиіс. Әуе рейстерінің іске қосылуы инфрақұрылымның дайындығы, әуе кемелерінің сатып алынуы және қажетті рұқсат беру рәсімдерінің аяқталуына байланысты болады.

Ішкі әуе бағыттарын және шағын авиацияны дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған өңірлердің көлік қолжетімділігін арттыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *