
6 мамыр күні 1949 жылы туған қала тұрғынына өзін коммуналдық қызмет өкілі ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласқан. Олар есептегіш құралын ауыстыру сылтауымен әйелден SMS-кодты айтуды сұраған. Кодты айтқаннан кейін оған eGov порталы мен Ұлттық банк қызметкерлері болып танысқан алаяқтар қоңырау шала бастаған.
Алаяқтар зейнеткерді депозиттегі ақшасын шешіп алуға көндірген. Сол күні әйел банк бөлімшесіне барып, депозиттен 2 миллион теңге алмақ болған.
Банк қызметкерлері әйелдің үнемі белгісіз адамдармен телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын байқап, алаяқтық әрекеттерге күмәнданған. Уақытылы араласудың арқасында олар азаматшаны қаржысын алаяқтарға беруден сақтап қалған.
Зейнеткердің туыстары келгенге дейін банк қызметкерлері оны бөлімшеде ұстап, кейін жақындарына тапсырған. Одан әрі азаматша полиция бөліміне жеткізіліп, онымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Банк қызметкерлерінің сауатты әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде 2 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынның алдын алу мүмкін болды.
