«Әділет» партиясының алаңында Президент Жолдауының цифрлық басымдықтарын іске асыруға арналған сараптамалық сессия өтті. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, партия өкілдері, мемлекеттік органдар мен IT-компаниялардың мамандары қатысты.
Талқылауда Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының кешенін салу, жасанды интеллектіні дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері көтерілді. Жоба толық іске қосылғанда 240-тан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал қуаты 1 ГВт-қа жетсе, бұл көрсеткіш 1 500-ден асады.
Сонымен қатар ауылдық елді мекендерді цифрландыруға бағытталған «Цифрлық ауыл» жобасы, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі, телемедицина және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері сөз болды.
Жиында 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған AI Earners жобасы да таныстырылды. Бастама азаматтарға жасанды интеллект құралдарын тегін меңгеріп, оларды табыс табу мақсатында қолдануға мүмкіндік береді.
Сараптамалық сессия қорытындысында цифрлық даму бағытындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ұсынылды.

