Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Ақылды камералар іске кірісті

Өңірдегі полиция қызметін цифрландыру жұмыстары жаңа деңгейге өтті.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
 «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауында: «Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз озық әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құру ісіне серпін бердік»,-
деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы инновацияларды нақты практикалық пайдаға бағыттап енгізу міндетін қойып отыр.
Біздің облыста бұл міндеттер цифрлық технологиялардың көмегімен жүзеге асады. Олар полицияға қылмысты ашуға, адамдар мен автокөліктерді іздестіруге, құқық бұзушылықтарды анықтап, жолдардағы жағдайды бақылауға жәрдем береді. Бүгінде өндірдің 12 ауданында да Жедел басқару орталықтары жұмыс жасап тұр. Олар әртүрлі аумақтардағы жағдайды бақылап, ақпаратты полиция экипажына жедел беруге мүмкіндік беретін жүйеге біріктірілген.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Фазкуллин цифрлық технологиялардың полиция жұмысын қалай өзгерткені, қандай нәтижеге қол жетті және әлі де қандай жұмыстар атқарылу керектігі жайында айтып берді.
Оның айтуынша, өңірде барлығы 98 мың бейне бақылау камерасы бар. Олар сауда орталықтарында, мектептерде, мешіттерде, кәсіпорындар мен басқа да нысандарда орнатылған. Оның ішінде 34 мыңға жуық бейнеағын Жедел басқару орталықтарына (ЖБО) қосылған. Ал құқық қорғау органдарының ұсыныстары негізінде нысаналы бағдарламалар аясында орнатылған 6 мыңдай камераны полиция тәулік бойы қоғамдық қауіпсіздікті бақылау үшін тікелей пайдаланады.

Облыстық ЖБО өңірдің әртүрлі аумағындағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Барлық аудан орталықтары бірыңғай серверге қосылған. Бұл бейнебақылау камераларынан ақпаратты орталықтандырылған түрде алуға және қажет болған жағдайда кез келген елді мекендегі жағдайды көруге мүмкіндік береді.

Руслан Фазкуллиннің айтуынша, заманауи жүйелер арқылы тек оқиғаларды бақылап қана қоймай, қажетті ақпаратты іздеуге, автокөлік нөмірлерін тануға және полиция назар аударуы тиіс оқиғаларды анықтауға болады.

ӨҢІРДЕ 98 МЫҢНАН АСТАМ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫ ОРНАТЫЛҒАН

Заманауи бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктері

Шамамен екі мың камера бейнеаналитика функцияларымен жабдықталған. Олардың 600-ге жуығы адамның бет-әлпетін тануға қабілетті. Ал тағы 1 400 камера адам көп жиналған орындарды, қараусыз қалдырылған заттарды, жүгіріп бара жатқан адамдарды, сондай-ақ өрт шығу жағдайларын анықтай алады. Осылайша, жүйе болып жатқан оқиғаларды тіркеп қана қоймай, полиция қызметкерлеріне қажетті ақпаратты жылдам табуға болады.

Мәселен, камераның көру аймағына іздеуде жүрген адам түскен жағдайда, жүйе оның бейнесін тиісті дерекқордағы мәліметтермен салыстырып, ЖБО операторына хабарлама жібере алады. Ақпарат тексерілгеннен кейін полиция қызметкерлері іздеудегі адамның орналасқан жерін анықтау үшін қажетті шараларды қабылдайды.

Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейтін камералар да бар. Мысалы, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау деректерін анықтай алады.

Бұл ретте одан әрі қандай шара қабылдау керектігін полиция қызметкерлері шешеді. Бейнеаналитиканың басты міндеті – тексеруді қажет ететін оқиғаға уақтылы назар аударту.

– Камералар бізге оқиғаны тіркеп қана қоймай, болған жағдайдың толық көрінісін қалпына келтіруге де көмектеседі. Құқық бұзушылық тікелей камера объективіне түспеген жағдайда да, көршілес көшелер мен қиылыстардағы бейнежазбалар арқылы күдіктінің қай бағытқа кеткенін бақылауға, оның сыртқы белгілері мен қозғалыс бағытын анықтауға болады. Бұл қызметкерлерімізге қылмыстарды ашу және іздестіру
барысында маңызды ақпарат береді. Жалпы есепті кезеңде цифрлық технологияларды қолдану арқылы ашылған қылмыстық құқық бұзушылықтардың үлесі 71,6 пайызды құрады. Бейнебақылау жүйелерінің көмегімен 419 қылмыстық іс ашылды, – деді Руслан Фазкуллин.

2025 жылы бейнебақылау жүйелерінің көмегімен 211 қылмыс анықталса, биылғы есепті кезеңде бұл көрсеткіш 232-ге жеткен. Сонымен қатар 2026 жылдың басынан бері 28 198 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 24 097 болған. Бұл сандардың артында полиция қызметкерлеріоқиғаның мән-жайын бейнежазбалар арқылы анықтаған нақты жағдайлар тұр.

Бейнебақылау камералары құқық қорғау органдарына автокөліктерді іздестіруге, күдіктілерді анықтауға және құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге де көмектеседі.

Руслан Фазкуллин бейнеаналитика жүйесінің көмегімен ұрланған автокөліктің қысқа уақыт ішінде табылған жағдайын мысалға келтірді.

– Тамыз айында түнгі сағат үштер шамасында полицияға автокөліктің ұрланғаны туралы хабарлама түсті. Көлік туралы мәліметтер бейнеаналитика жүйесіне енгізіліп, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану функциясы бар камералар оның қала ішіндегі қозғалысын бақылай бастады. Бұл автокөліктің бағытын анықтап, ақпаратты полиция экипаждарына жедел жеткізуге мүмкіндік берді. Шамамен 10–15 минуттан кейін көлік табылып, күдікті ұсталды, – деді ол.

Технологиялар іздеуде жүрген адамдарды анықтауға да көмектеседі. Мәселен, Ақтөбе әуежайында бет-әлпетті тану функциясы бар камера Хромтау қаласының тұрғынын анықтаған. Ол пробация қызметінің есебінде тұрған және жүріп-тұруына шектеу қойылған адам болған. Жүйе ЖБО операторына хабарлама жіберген. Ақпарат тексерілгеннен кейін полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, бөлімшеге жеткізді. Оқиға туралы мәлімет пробация қызметіне жолданды.

Жыл басынан бері облыста камералар мен басқа да цифрлық құралдардың көмегімен 2 423 көлік құралы анықталды. Оның ішінде 43 автокөлік ұрланған, 1 156-сы қылмыстарға, ал 1 224-і әкімшілік құқық бұзушылықтарға байланысты болған.

Көлік құралдарын іздестіруде жол полициясының қызметтік планшеттеріне орнатылған «Қорғау» жүйесі де маңызды рөл атқарады. Онда іздеуде жүрген автокөліктер туралы бағдарлар мен жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзатын жүргізушілер жөніндегі мәліметтер көрсетіледі.

ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН

Цифрлық технологиялардың көмегімен автожолдардағы жағдай да бақылауда. Қауіпті учаскелерге жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркейтін стационарлық кешендер орнатылуда.

Әсіресе Хромтау, Әйтеке би және Ырғыз аудандары арқылы өтетін «Самара – Шымкент» халықаралық автожолына ерекше назар аударылған. Жалпы жолдарда 12 стационарлық кешен орнатылған.

Бағыт бойынша күн сайын тоғызға дейін автопатруль жұмыс істейді. Олардың үшеуі мобильді тіркеу кешендерімен жабдықталған. Бұған қоса жасырын патрульдеу экипаждары жұмылдырылады, ал жолдағы жағдайды бақылау үшін мезгіл-мезгіл ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылады.

Бұл шаралардың барлығы жолдағы қауіпті әрекеттерді дер кезінде анықтап, жол-көлік оқиғаларының салдарын тіркеумен ғана шектелмей, олардың алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар жекелеген учаскелерде көлік қозғалысының орташа жылдамдығын бақылау жүйесі енгізілген. Жүйе автокөліктің екі нүкте арасындағы жолды жүріп өту уақытын есептейді. Осылайша, жылдамдық режимінің сақталуын тек камера орнатылған жерде ғана емес, жолдың бүкіл учаскесінде бақылауға болады.

Осындай учаскелердің бірі Ұлғайсын және Қалыбай елді мекендерінің арасында орналасқан. Алдағы уақытта бұл тәжірибені облыстың басқа да автожолдарында кеңейту жоспарланып отыр.

Цифрлық технологиялар азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеу үдерісін де жеңілдетіп, жеделдетеді. 102 желісіне келіп түскен барлық хабарлама бірыңғай жүйеде тіркеледі. Онда оқиға туралы ақпарат, полиция жасағының жіберілуі, қабылданған шаралар және әрекет ету нәтижелері көрсетіледі.

Өтініш тіркелгеннен кейін оның электрондық карточкасы топ инспекторына беріледі. Ол оқиға орнына жақын орналасқан полиция жасағын жіберіп, олардың жұмысын бақылайды. Егер оқиға болған аумақ бейнебақылау камераларының қамту аймағында болса, ЖБО қызметкерлері жағдайдың өрбуін қадағалап, қажет болған жағдайда экипажға қосымша ақпарат бере алады.

Операторға өтінішті қабылдау және тіркеу үшін бес минуттай уақыт беріледі. Полиция жасағының оқиға орнына жету нормативтік уақыты бес-жеті минутты құрайды. Нақты келу уақыты оқиға орнына дейінгі қашықтыққа, жол жағдайына және басқа да мән-жайларға байланысты.

Облыстың цифрлық инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Биыл қосымша 500-ге жуық камера және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркейтін 29 кешен орнатылды.

Жаңа камералар мен кешендер жедел жағдайды, қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының статистикасын ескере отырып орналастырылады. Бірінші кезекте адамдар көп шоғырланатын орындарға, құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскелерге, сондай-ақ көлік қозғалысы қарқынды автожолдарға басымдық беріледі.

Полиция департаментінде цифрландыру үдерісі жаңа камералар орнатумен және интеллектуалды жүйелерді енгізумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Ең бастысы – технологиялар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оқиға болған жағдайда көмекке мұқтаж адамдарды жедел анықтауға және қылмысқа қатысы бар тұлғаларды табуға ықпал етуі тиіс.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *