Биыл Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында «Жаңажол» және «Қандыағаш» арнайы экономикалық аймақтары іске қосылды. Оларды құру өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға және ауданда жаңа өнеркәсіптік алаңдарды қалыптастыруға бағытталған. Өндірістік алаңдар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Мұнда кәріз жүйесі, газ және электр энергиясы тартылған, сумен жабдықталған.
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов мәлімдеді.
«Жаңажол» арнайы экономикалық аймағы Батпақкөл ауылдық округінің аумағында орналасқан. Жалпы ауданы – 400 гектар. Бұл алаң Мұғалжар ауданы үшін стратегиялық маңызы бар мұнай-газ химиясы саласындағы өндірістік жобаларды орналастыруға бағдарланған.
«Қандыағаштың» аумағы 137 гектарды құрайды. Оның аудан орталығында орналасуы өнеркәсіптік өндірісті дамытуға, инвесторлар тартуға және экономикалық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндіктер береді.
Аймақтарда өндіріс орындары іске қосылғаннан кейін ауданның 700-ге жуық тұрғынын жұмыспен қамту жоспарлануда.
Арнайы экономикалық аймақтарды құру Қазақстан Үкіметінің арнайы экономикалық аймақтар желісін дамыту және кеңейту жөніндегі шешімдері аясында жүзеге асты.
