🦗Ақтөбе облысында шегіртке маусымына дайындық қарқынды

Биыл өңірде үйірлі шегірткелерге қарсы 424,055 мың гектар, саяқ шегірткелерге қарсы 159,6 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Улау жұмыстарын жүргізетін мердігер анықталып, препараттар дайын тұр. Зиянкестермен күрес жер үсті және әуе тәсілдері арқылы жүргізіледі. Ол үшін ұшақтар, дрондар, аэрозольді генераторлар мен жер үсті бүріккіштер дайындалған – жалпы саны 74 техника. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Бақытқали Шайхиев мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл шегіртке қаптау қаупі төмен.

🗣️«Облыс аумағында үйірлі шегірткелердің даму динамикасына тоқталатын болсақ 2024 жылы шегірткелердің таралу аймағының 856,7 мың гектар алқапқа дейін өсуі байқалып, биыл 2 есеге немесе 49,4 пайызға азайып отыр. Химиялық өңдеу жұмыстары алдымен Шалқар, Ырғыз, Байғанин аудандарында жүргізіледі. Кейін қалған аймақтарда жалғасады. Себебі аталған аудандарда үйірлі шегірткелер дернәсілдерінің алғашқы жер бетіне шығуы байқалды. Барлық аграршыларға шегіртке дернәсілдерінің шыққан жерлерін көрген жағдайда тікелей Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мамандарына немесе аудандық инспекция мамандарына хабарлау сұралады» — деді спикер.

Шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының уақытылы, сапалы жүргізілуі жергілікті атқарушы органдардың тікелей бақылауында.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *