
Өңірде «Уылдырық шашу-2026» акциясы басталды. Оның аясында сәуірдің 10-ы мен маусымның 5-і аралығында облыстың су айдындарында балық ресурстары мен өзге де су жануарларының уылдырық шашу және көбею кезеңінде балық аулауға уақытша тыйым салынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрбек Құлыбекұлы мәлімдеді. Спикердің айтуынша, бақылаудағы аумақта балық ресурстарын сақтау және толықтыру үшін облыстың жергілікті атқарушы органдарымен және жергілікті полиция қызметімен бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.
🗣️»10 сәуір мен 10 мамырды қоса алғандағы аралықта шортан, көксерке, берiш, аққайран, ақмарқа, қызыл көз, торта, алабұға, тұрпа, тарақ балықты аулауға тыйым салынады. 10 мамыр мен 5 маусым аралығында сазан (тұқы), мөңке, оңғақ, жайын, қызыл қанатты шұбар балық, айнакөз, табан балықтарын аулауға болмайды» — деп нақтылады Нұрбек Құлыбекұлы.
Айта кетейік, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 100 АЕК-тен астам зиян келтірілген жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Акция барысында инспекция қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен бірлесіп сауда орындарында рейдтік іс-шаралар өткізеді: балық ресурстарын аулау құралдарын сатуды жүзеге асыруға жол бермеу жөнінде тұрғындармен және жеке кәсіпкерлік субъектілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
