Көпір жаңартылып жатыр

Өңір басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыс прокуроры Марат Әбішев және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қаһарман Оразалин Ойыл ауданына барды.

Әуелі делегация Ойыл ауылына кіреберістегі көпірдің құрылыс барысын тексерді. «Тенгизстройсервис Групп» ЖШС көпірді қайта жаңғырту жұмысын жүргізуде. Қазіргі уақытта көпір толық бөлшектелген. Сегіз тірек тұрғызылып, уақытша қозғалысты қамтамасыз ету үшін жол бөлігіне плиталар төселген. Сондай-ақ 56 арқалық орнатылып, көпірдің жүріс бөлігі уақытша көлік қозғалысына дайын. Жоба биыл толық аяқталады.

Сапар барысында жауапты тұлғалар жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен де танысты. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мердігерлерге жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау міндеті қойылды.

Айта кетейік, Ойыл ауылында қазіргі таңда сегіз пәтерлі екі тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Тапсырыс беруші — аудандық сәулет және құрылыс бөлімі, ал мердігер ұйым — «Рустал» ЖШС. Құрылыс 2025 жылдың қазан айында басталған. Қазір үйлердің іргетасы құйылып, қабырғасы қаланған. Бір үйдің шатыры толық жабылса, екіншісінде шатыр жабу жұмысы жалғасып жатыр. Нысандар 2026 жылдың мамыр айында тапсырылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *