Қарғалы ауданында 100 мегаваттық жел электр станциясы салынады

Қарғалы ауданында құны 100 миллион АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жоба аясында қуаты 100 мегаватт болатын жел электр станциясы салынбақ. Қазіргі уақытта құрылысқа қажетті жер телімі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Мұны Ақтөбе облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Унербаев мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында шетелдік инвестор «Plenitude Kazakhstan» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, жел электр станциясының құрылысына қажетті жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мердігер ұйымды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асыруға екі жыл ішінде 100 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарланған.
Бұл жоба ауданның энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және өңірге шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Жалпы, биыл Қарғалы ауданында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 18,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13,4 пайызға артқан. Соның ішінде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға 4 миллиард теңге жұмсалып, 51 бірлік жаңа техника сатып алынған.

Ауданда өндіріс орындарын дамытуға да басымдық берілуде. Атап айтқанда, Қос-Естек ауылында «Гейзер» ЖШС-нің сүт өңдеу цехы іске қосылды. Кәсіпорынға 100 миллион теңгенің заманауи жабдықтары орнатылған. Жаңа өндіріс орны айына 90 тонна сүт өңдеуге қауқарлы.

Сонымен қатар қиыршықтас өндіретін «ТасПромТрейд» кәсіпорнын жаңғырту жоспарланған. Бұл мақсатта 3,5 миллиард теңге несие тарту жұмыстары жүргізілуде. Жаңғырту нәтижесінде кәсіпорынның ай сайынғы өндіріс көлемін 30 мың тоннадан 123 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Ауыл шаруашылығында да нақты нәтижелер бар. Биыл аудан диқандары 155,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Егін жинау науқаны барысында 108,6 мың гектар дәнді дақыл толық жиналып, 159 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрады.

Шаруаларды мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасуда. «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында 13 шаруашылық 2,3 миллиард теңге несие алды. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша биыл 110 миллион теңгеге 12 жоба қаржыландырылды.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы тағы бір маңызды бағыт – жол инфрақұрылымын жаңарту.

Биыл Степной ауылының кіреберіс жолы 356 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Петропавл ауылының ұзындығы 7 шақырым болатын кіреберіс жолы 1,2 миллиард теңгеге жаңартылды.
Бадамша ауылында жалпы құны 329,2 миллион теңгеге үш көшенің 2,5 шақырым жолы жөнделді. Қазіргі уақытта Ақтөбе – Орск тасжолының 46–70 шақырым аралығында құны 2,8 миллиард теңге болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *