
Ақтөбе қаласындағы «Білім» мектеп-гимназиясында Астана ауданына қарасты жалпы білім беретін мектептердің 9-11-сынып оқушыларының қатысуымен «Заң және тәртіп — қоғам тұрақтылығының негізі» тақырыбында интерактивті кездесу өтті.
Іс-шараға Ақтөбе қаласы білім бөлімінің әдіскері Данияр Қуанышбаев, облыстық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы аға жедел уәкілі, полиция майоры Жасұлан Төребаев, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шағыров, Ақтөбе қаласы ПБ Астана ауданы №1 ҚПБ ҚҚБ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Рауан Мыңжасарқызы қатысты.
Қатысушылар заң мен тәртіптің қоғам өміріндегі маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдық қауіпсіздік, құқықбұзушылықтың алдын алу және құқықтық жауапкершілік мәселелері туралы айтты. Жәнібек Шағыровтың айтуынша, қазір ересектермен бірге балалар арасында да интернет алаяқтықтың құрбаны болып жатқандар бар.
— Алаяқтардың арбауына кішкентай балалардан бастап, мектеп оқушылары, жастар мен студенттер де жиі түседі. Қазір жас балалардың дені телефонда Free Fire, Clash of Clans, PUBG, Roblox сияқты ойындарды ойнайды. Осы ойындардың ішіндегі чаттарда «аккаунт, скин, домен немесе ойын монеталарын сатамын» деп отыратын алаяқтар бар. Олар баламен сөйлесіп, кейін ватсапқа өтеді. Сол жерде баладан ата-анасының банк картасының екі жағын суретке түсіріп жіберуді талап етеді. Кейін «Телефонына код келеді, соны айтсаң, аккаунт сенікі болады» деп сендіріп, кодты алып алады. Мысалы, былтыр Free Fire ойнап отырған 14 жастағы оқушыны осылай алдап, анасының есепшотынан 200 мың теңгеге жуық ақша шешіп алған алаяқ ұсталды. Биыл да осындай дерек тіркелді, — дейді ол.
Сонымен бірге спикерлер жастарды дроппер, активатор, есірткі тасымалдаушы «закладчик» болу секілді заңсыз істерге тарту әрекеттері туралы да айтты. Әсіресе, жастар Telegram желісінде «жеңіл ақша табамын» деп жүріп, қылмыстық схемаларға түсіп қалатынын, сондықтан, күмәнді чаттардан, бейтаныс сілтемелерден және «жеңіл табыс» ұсынатын хабарландырулардан барынша аулақ болу қажеттігін айтты. Интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, кибербуллинг, киберқылмыс және әлеуметтік желілерді жауапкершілікпен пайдалану, цифрлық ортада заң талаптарын сақтау, жеке ақпаратты қорғау және қауіпті жағдайлардың алдын алу жолдары түсіндірілді.
Сонымен бірге кездесуде жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, мектепте және қоғамдық ортада тәртіп сақтау, сондай-ақ өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу жөнінде айтылды.
