
Ақтөбе облысында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Құлмағамбетов 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелері мен табиғатты қорғау саласындағы басым бағыттарға тоқталды.
Өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарға ерекше мән берілуде. Спикердің айтуынша жыл басынан бері өткізілген тазалық және абаттандыру акцияларына 402 101 тұрғын, 8 910 мекеме мен кәсіпорын қатысты.
Нәтижесінде 116 868 аула, оның ішінде 3 585 көпқабатты тұрғын үй мен 113 283 жеке тұрғын үй ауласы, 1 817 әлеуметтік нысан, 366 саябақ тазартылды.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында тұрғындардың белсенділігі жылдан жылға артып келеді. Биыл экологиялық акцияларға қатысқан тұрғындар саны өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға өсті. Бұл – қоршаған ортаның тазалығына деген қоғам жауапкершілігінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді, – деді Бекболат Құлмағамбетов.
Тазалық жұмыстары елді мекендермен ғана шектелмей, су айдындарының жағалауларын қамтыды. Жыл басынан бері 45,8 мың метр өзен, көл және жасанды су қоймаларының жағалауы, сондай-ақ 54 мың метр арық тазартылды. Аталған жұмыстарға 693 арнайы техника жұмылдырылып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына 44 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Абаттандыру және санитарлық жағдайға қатысты тұрғындардың өтініштерін қабылдау үшін TazaQazBot Telegram-боты да жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері аталған чат-бот арқылы 700-ден аса өтініш келіп түскен.
