
Ақтөбе облысында су, жылу, кәріз және электр желілерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. 2026 жылы бұл бағыттағы жобалардың жалпы құны 32,1 млрд теңгені құрайды.
Қаржының едәуір бөлігі Ақтөбенің су және жылу жүйелерін жаңартуға жұмсалады. «Aqtobe su-energy group» кәсіпорны 16,8 млрд теңгеге 10 жобаны жүзеге асырады. Оның ішінде 12,4 млрд теңге – кәріз жүйесіне, 2,2 млрд теңге – сумен қамтуға, 2,1 млрд теңге – жылу жүйесіне қарастырылған.
Электр желілерін жаңарту да назарда. «Энергосистема» кәсіпорны бойынша 10,8 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асырылуда. Ал «Алға жылу» кәсіпорны су бұру саласында 308,5 млн теңгелік жобаны іске асырады.
Тұрғындар үшін тағы бір маңызды мәселе – коммуналдық тарифтер. Жыл басынан бері халық үшін су, жылу, газ және электр энергиясының тарифтері көтерілген жоқ. Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ерлан Дүйсен өткен жылы бекітілген деңгейде сақталып отырғандығын айтты.
Жалпы, облыста коммуналдық қызмет көрсететін 50 кәсіпорынның 108 қызмет бағыты реттеледі. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған бес жылдық инвестициялық бағдарламалардың жалпы көлемі 201,2 млрд теңгеден асады.
Негізгі мақсат – тозған коммуналдық желілерді кезең-кезеңімен жаңартып, тұрғындарға көрсетілетін су, жылу және электр қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету.
