Жер асты суларын іздеу аясында 88 жоба жүзеге аспақ

Еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын ескере отырып, су қорларын кезең-кезеңімен зерттеуді, бағалауды және шаруашылық айналымға тартуды қамтамасыз ететін жерасты суларын іздеу және бағалау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Ведомство вице-министрі Талғат Момышевтың ОКҚ алаңында хабарлауынша, 2026 жылдың соңына дейін іздеу-бағалау жұмыстары бойынша 38 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Жалпы қаржыландыру көлемі -525,8 млн теңге. 

«Аталған іс-шараларды іске асыру жерасты суларының қорларын қайта бағалау және нақтылау жөніндегі 28 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ Жетісу облысында олардың пайдалану қорларын қайта бағалау және растау мақсатында 3 жобаны аяқтауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Алдағы үш жылдық жоспарлы кезеңде жерасты суларын мемлекеттік іздеу және бағалау жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу шеңберінде 88 жобаны іске асыру жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыру іздеу-барлау және қосымша барлау жұмыстарын орындауға, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бағытталған.

Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымалар санын 2026 жылғы 2 256 бірліктен 2030 жылға қарай 2 000 бірлікке дейін азайту көзделген. 2026 жылы осы бағыт бойынша 32 жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде 15 жоба иесіз ұңғымаларды жоюға және 17 жоба оларды зерттеп-қарауға бағытталған. Жыл соңына дейін 10 жоба шеңберінде 54 ұңғыманы жою, сондай-ақ Атырау, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Ұлытау облысында 698 ұңғыманы зерттеп-қарау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2027–2029 жылдары ұңғымаларды жою бойынша 3 жобаны және зерттеп-қарау бойынша 13 жобаны іске асыру көзделген. Іс-шараларды іске асыру қорытындысы бойынша 10 иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғыманы жою және еліміздің 13 облысында 1 644 ұңғыманы зерттеп-қарау жоспарланған. 

Аталған іс-шараларды іске асыру иесіз өздігінен төгілетін ұңғымалар санын қысқартуға, жерасты суларының ұтымсыз пайдаланылуына жол бермеуге, аумақтардың экологиялық және санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *