
Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауын іске асыру аясында денсаулық сақтау саласында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, ауруларды ерте анықтауға және саланы цифрландыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Скрининг жүйесі жаңартылып, профилактикалық тексерулердің мүмкіндігі кеңейтілді. Атап айтқанда, скринингтен өту жасы 76 жасқа дейін ұлғайтылып, 50–76 жас аралығындағы азаматтар үшін ми қан айналымы бұзылыстарын ерте анықтауға бағытталған жаңа скрининг енгізілді. Сонымен қатар өкпе обырын төмен дозалы компьютерлік томография арқылы анықтау және онкологиялық аурулардың алдын алу бағытындағы тексерулер жетілдірілді.
Медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейіндегі қызметтер де кеңейтілуде. Жалпы практика дәрігерлеріне қолжетімділік 3,5 есеге, бейінді мамандарға қолжетімділік 15 есеге артқаны көрсетілген. Жоспарлы қабылдауға жазылу маршруты оңтайландырылып, қабылдауды күту мерзімі 2–14 күннен 15 минутқа дейін қысқартылған.
Денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Облыстық ауруханаларда 230 маман оқытылып, 73 құзыреттілік орталығы, 49 бейінді бөлімше, 27 симуляциялық орталық және 17 телемедицина орталығы бойынша жұмыстар жүргізілген.
Медициналық көмекті цифрландыру аясында e-Densaulyq жүйесін дамытуға басымдық берілуде. Бірыңғай цифрлық инфрақұрылым арқылы медициналық ақпаратты жүйелеу, тәуекелдерді басқару және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар медициналық деректердің бірыңғай қоймасын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп, медициналық ұйымдардың клиникалық ақпаратты автоматты түрде жинақтау мүмкіндігі кеңеюде. Бұл шаралар азаматтарға медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесінің цифрлық мүмкіндіктерін жетілдіруге бағытталған.
