Үкімет мүшелері белсенді дауыс беріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде өтіп жатқан Құрылтай депутаттарын сайлауға Үкімет мүшелері де белсенді қатысып жатыр.

Алғашқылардың бірі болып Су ресурстары және ирригация министрі Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауында дауыс берді.

— Бүгінгі сайлау – Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды саяси реформалардың нәтижесі саналатын тарихи сәт. Бір палаталы Құрылтайдың құрылуы – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру, мемлекеттік билік институттарының тиімділігін арттыру және биыл қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген қағидаттарды іске асыру жолындағы маңызды қадам. Ешбір реформа азаматтардың тікелей қатысуынсыз жүзеге аспайды. Бүгін қазақстандықтар еліміздің алдағы жылдарға арналған даму бағытын айқындайды. Сондықтан бұл күні әр азаматтың дауысы маңызды. Барша отандасымды сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасауға шақырамын, — деді ол.

Жұмыс сапарымен өңірде шаруашылықтарды аралап, егін жинау науқанымен танысып, аграршылармен және ауыл еңбеккерлерімен кездесіп жүрген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров та таңдау жасады.

— Құрылтайға алғашқы сайлау – еліміз үшін маңызды оқиға. Мемлекет басшысы атап өткендей, Құрылтай елді одан әрі жаңғырту үдерісіне жоғары қарқын беруге тиіс. Сондықтан әр азамат өз таңдауының маңызын және Қазақстанның болашағы үшін жеке жауапкершілігін сезінуі маңызды. Мен үшін бүгінгі күні еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін қамтамасыз етіп отырған аграршылардың жанында болуымның мәні ерекше», – деді министр.

Астанада сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып дауыс берген Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері елдің толыққанды азаматтары екенін және әрқайсысы мемлекеттің болашағын айқындауға өз үлесін қоса алатынын атап өтті.

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов те Құрылтай депутаттарын сайлауына дауыс берді.

https://kaz.inform.kz/news/ukmet-musheler-belsend-dauis-berp-zhatir-48980f83

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *