Мемлекет басшысы бастаған ауқымды өзгерістердің куәсі болып отырмыз – Нұрсұлтан Шоқанов

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында орналасқан Құрылтай сайлау учаскесінде дауыс берді.

Дауыс бергеннен кейін Нұрсұлтан Шоқанов журналистерге бүгінгі күннің маңызына тоқталды.

– Бүгін бізде шын мәнінде мерекелік көңіл-күй. Өте маңызды күн. Оның маңызын асыра бағалау қиын. Меніңше, бүгінгі күннің нәтижесіне қарамастан, одан барлық қазақстандықтар мен еліміз ұтады, – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бастаған ауқымды өзгерістердің куәгері әрі қатысушысы болу әрбір қазақстандық үшін үлкен мәртебе.

– Біріншіден, Мемлекет басшысы бастаған осындай ауқымды өзгерістердің куәгері әрі қатысушысы болу бәріміз үшін үлкен мәртебе. Біз Конституцияны қабылдадық, енді Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Бұл – тарихи күн. Сондықтан бүгінгі күннен де барлық қазақстандықтар ұтады деп есептеймін, – деді партия төрағасы.

Нұрсұлтан Шоқанов сайлаудың өту сапасы мен сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының айтарлықтай өзгергенін атап өтті.

– Біз барлығымыз партиялар арасындағы қызу пікірталастар мен түрлі пікірлердің ашық айтылғанына куә болдық. Мен сайлауды 800-ге жуық шетелдік байқаушы бақылағанын естідім. Біз бақылау жүргізген шетелдік делегациялармен де кездестік. Шын мәнінде, Қазақстан нағыз демократияның қандай болатынын және сайлаудың қаншалықты ашық, әділ әрі тікелей өтуі мүмкін екенін көрсетті, – деп атап өтті Нұрсұлтан Шоқанов.

Айта кетейік, дауыс берушілер легі артып, сайлау учаскелеріне келушілер көбейіп келеді.

https://kaz.inform.kz/news/memleket-basshisi-bastagan-aukimdi-ozgersterdn-kuas-bolip-otirmiz-nursultan-shok-189cf32b

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *