Ақтөбеде Президент тапсырмасымен салынып жатқан музыкалық-драма театрының құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Биыл Ақтөбе облысында 5 мәдени нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олардың қатарында Мемлекет басшысының тапсырмасымен бой көтеріп жатқан Тахауи Ахтанов атындағы музыкалық-драма театрының ғимараты бар. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова өңірдегі мәдени инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, облыс аудандарында бірнеше нысан күрделі жөндеуден өтіп, бірқатар жаңа ғимараттар салынып жатыр.

“Биыл облыста 4 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Қобда ауданындағы Бұлақ ауылдық клубы, Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылдық клубы, Алға аудандық мәдениет үйі және Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы жаңғыртылуда. Сонымен қатар өңірде 5 жаңа мәдениет нысанының құрылысы жалғасуда. Олардың қатарында Байғанин ауданындағы 400 орындық Мәдениет үйі, Хромтау қаласындағы музей және архив ғимараты, Дон ауылындағы Мәдениет үйі, Ақтөбе қаласындағы музыкалық драма театрының жаңа ғимараты және Қандыағаш қаласындағы шығармашылық орталығы бар” — деді Алтынай Юнисова.

Басқарма басшысының айтуынша, Ақтөбе қаласының Алтын орда шағын ауданында салынып жатқан 700 орынға есептелген театр ғимаратының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба құрылысы 2027 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *