Өңірде бәсекелестікті дамыту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмыстары қарқынды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Салават Вахитов 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындыларын таныстырды.

Жыл басынан бері өңірдегі тауар нарықтарында бәсекелестік ахуалына 8 талдау жүргізіліп, сұйытылған мұнай газы, авиаотын, қант, кинопрокат және өзге де әлеуметтік маңызы бар нарықтар қамтылды. Сонымен қатар өңделген сүт өнімдері, дәрілік заттар, интернет қызметтері және санитариялық қызметтер бойынша жаңа талдаулар басталды.

Мемлекеттік қатысуы бар ұйымдардың қызметіне мониторинг жүргізіліп, заңнама талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды. Анықталған бұзушылықтар бойынша енгізілген 5 нұсқама толық орындалып, заң талаптарына сәйкестік қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ баға мониторингі жүргізіліп, мемлекеттік қолдау шаралары мен қызмет көрсету салаларындағы заң талаптарының орындалуы бақылауда болды.

Азаматтар мен кәсіпкерлер монополияға қарсы заңнамаға қатысты мәселелер бойынша департаментке тұрақты түрде жүгіне алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *