Ақтөбе облысының цифрлық әлеуеті артып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының Цифрлық технологиялар басқармасы басшысының орынбасары Заманбек Жақсылық өңірдің цифрлық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Бүгінде облыста ауыл тұрғындарын интернетпен қамту деңгейі 98,8%-ға жетті. Биыл Елек, Ақсу, Байжанкөл және Дмитриевка ауылдары мобильді интернетке қосылды. Жыл соңына дейін тағы 8 ауыл интернетпен қамтылып, бұл көрсеткіш 99,6%-ға жетеді.

📶 Өңірде 106 5G базалық станциясы жұмыс істейді. Оның ішінде Ақтөбе қаласында – 93, Қандыағашта – 6, Хромтауда – 2, сондай-ақ Алға, Бадамша, Мәртөк, Шұбарқұдық және Кеңқияқ елді мекендерінде базалық станциялар іске қосылған. Биыл Шалқар қаласы да 5G желісіне қосылады.

🌐 «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026–2027 жылдары 172 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып, 38 ауыл спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар республикалық маңызы бар автожолдар бойында 17 антенна-діңгек құрылысы салынады.

📊 Баспасөз мәслихатында өңірлік аналитикалық орталықтың алғашқы нәтижелері де таныстырылды. Деректерді басқару жүйесі негізінде мемлекеттік сатып алулар, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау, білім беру, индустриялық аймақтар, экология және басқа да бағыттар бойынша 10 аналитикалық кейс әзірленген.

🤖 Сондай-ақ «Жібек» жасанды интеллект аватарының мүмкіндіктері таныстырылды. Ол бірнеше мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланып, сұраныстар бойынша жедел ақпарат пен талдамалық мәліметтер ұсынуға мүмкіндік береді.

Жобаның басты мақсаты – сапалы әрі өзекті деректер негізінде тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға жағдай жасау.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *