Қаракемер ауылына табиғи газ жетті

Ойыл ауданындағы шалғай ауылдардың бірі – Қаракемер елді мекені табиғи газға қосылды. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, көптен бері көтеріліп келген өзекті мәселенің түбегейлі шешілуіне жол ашты.

Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан Қаракемер ауылында бүгінде 55 аула бар, 311 тұрғын тұрады. Елді мекенде мектеп, медициналық пункт және мәдениет ошағы жұмыс істейді.

Осы уақытқа дейін ауыл халқының басым бөлігі үйлерін қи және көмірмен жылытып келген. Алайда көмір бағасының жыл сайын қымбаттауы, оны жазда сақтау және қыс мезгілінде тасымалдаудың қиындығы тұрғындарға едәуір салмақ түсіріп келді. Енді көгілдір отынның келуі бұл түйткілдерді артта қалдырып, ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңін бастады.

Қаракемердегі қуанышты оқиғаға арналған салтанатты шараға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Дәулетов пен аудан әкімі Асқар Қазыбаев қатысып, тұрғындарды айтулы жаңалықпен құттықтады.

«Бұл – мемлекет қолдауының, ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді аудан әкімі Асқар Қазыбаев.

Қаракемерліктер мәселенің шешімін тапқанына дән риза. Салтанатты рәсім барысында ауыл ақсақалдары бата беріп, ақ жаулықты аналар шашу шашты.

Қаракемер ауылының тұрғыны, ақсақал Жолдасқали Оспанов көпшіліктің қуанышын жеткізіп:

«Көптен күткен арманымыз орындалып, ауылымыз газбен қамтылды. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жеңілдететін үлкен игілік. Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. Ел аман, жұрт тыныш болып, береке-бірлігіміз арта берсін», – деді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *