
Жыл сайын маусым айының екінші жексенбісінде елімізде Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл кәсіби мереке – отандық өндірістің дамуына, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға үлес қосып жүрген сала мамандарына көрсетілген құрметтің белгісі. Бүгінде бұл салада мыңдаған маман еңбек етеді. Олардың күнделікті еңбегі өндірісті жаңғыртуға, жаңа бағыттарды дамытуға және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашып отыр.Жеңіл өнеркәсіп әлеуметтік маңызы жоғары салалардың бірі және соңғы бес жыл бойы тұрақты өсім көрсетіп келеді.2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 22,6%-ға артып, 259,5 млрд теңгені құрады. Өсімнің негізгі үлесі өндіріс көлемі 159 млрд теңгеге жеткен тоқыма өнеркәсібіне тиесілі болды.Бұл сала өңдеуші өнеркәсіптегі ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі болып қала береді. 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 77,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 225,2%-ды құрады.
