
Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – медициналық оңалту қызметін дамыту. Себебі аурудан, жарақаттан немесе күрделі операциядан кейін адамның бұрынғы өмір салтына қайта оралуы емдеудің соңғы әрі маңызды кезеңі болып саналады. Осы тұрғыда Ақтөбе облысында медициналық оңалту қызметінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
⚕️Қазақстан Республикасында медициналық оңалту қызметі Денсаулық сақтау министрінің Медициналық оңалту көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жүйе азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге, ағзаның жоғалған қызметтерін қайта дамытуға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
✅Медициналық оңалтудың негізгі мақсаты – науқастың физикалық және психологиялық жағдайын жақсартып, оның қоғамдағы белсенді өмірге және еңбек қызметіне қайта бейімделуіне көмектесу. Әсіресе инсульт, миокард инфарктісі, ауыр жарақаттар мен хирургиялық операциялардан кейінгі кезеңде оңалту шараларының маңызы зор. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де оңалту қызметі үлкен қолдау көрсетеді.
📈Бүгінде Ақтөбе облысында медициналық оңалту қызметін меншік нысанына қарамастан 33 медициналық ұйым ұсынады. Бұл өңір тұрғындарына қажетті медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді. Медициналық ұйымдар ересектер мен балаларға арналған оңалту бағдарламаларының кең спектрін жүзеге асырып келеді.
🗂️Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында облыс тұрғындарына оңалту қызметтерінің 216 түрі қолжетімді. Олардың қатарында дәрігер-мамандардың консультациялары, физиотерапиялық емдеу, емдік дене шынықтыру, эрготерапия, логопедиялық көмек, психологиялық қолдау және қалпына келтіру медицинасының заманауи әдістері бар.
